ХХ ғасырдың 40-шы жылдары Гурьев қаласының барлық тұрғындары мен өнеркәсіптік кәсіпорындары (№441 зауыт (ГМӨЗ) пен балық-консерві комбинатынан басқасы) негізінен, МӨМ Гурьев тауарлы-көлік басқармасына қарасты басты су құбыры құрылғылары арқылы шаруашылық-ауыз сумен қамтылып келді.
Әрқайсысының өнімділігі 650 м3/сағ., қысымы 30 метр су бағанының арынындай 3 ортадан тепкіш 12 НДС сорғы қондырылған су бөгетпен біріктірілген бірінші су көтеру сорғы станциясы 1945 жылдан бастап пайдаланымда.
Екінші су көтеру сорғы станциясы кәсіпшіліктерге су айдайтын 3 жоғары қысымды агрегаттан және Гурьев қаласына су айдайтын 3 төмен қысымды ортадан тепкіш сорғыдан тұрған болатын. Сүзу станциясының өнімділігімен анықталатын ең жоғарғы су беру мүмкіндігі тәулігіне 12000 м3 құраған еді.
2-ші су көтеру сорғы станциясынан шыққан шаруашылық-ауыз су тұтынушыларға үш негізгі су құбыры бойымен жіберіліп тұрған, олардың ішіндегі диаметрі - 300-150 мм жалпы ұзындығы - 330 км су құбыры арқылы су, Доссор, Сағыз, Комсомол, Қосшағыл, Қаратон кәсіпшіліктеріне және тармақтарымен Ескене, Байшонас, Қошқар, Мақат және Құлсары елді мекендеріне беріліп отырған.
2-ші су көтеру сорғы станциясынан шыққан суды Гурьев қаласына беру үшін диаметрі - 250 мм екі негізгі торап (магистраль) жүргізілген болатын. Осы тораптардың біреуі, яғни сол жақ жағалаулық деп аталатын, Чкалов көшесі бойымен жүргізілген суағызғы Кірпіш зауытын, Ет комбинатын, Гурьев-Қандыағаш теміржолын, «Казахстаннефтестрой» трестінің, Петровский атындағы зауыт, №441 зауыттың, Қазмұнайбарлау мекемесінің тұрғын үйлерін және бірқатар жеке тұрғын үйлер сумен қамтамасыз етіп отырған.
Екінші, яғни, диаметрі 250 мм оң жақ жағалаулық суағызғы, Жайық өзені арқылы дюкерлі өтіп, Колхоз көшесі, одан кейін Степан Разин, Пугачев көшелері бойымен, одан соң, Жайық өзені арқылы қайтадан дюкерлі өтіп, №441 (ГМӨЗ) зауыттың Тұрғын үй қалашығындағы сукернеуіш мұнарасына қосылған еді. Осы мұнарадан Тұрғын үй қалашығының түгел аумағы бойынша су құбырының таратушы желісі тартылған.
Оң жақ жағалаулық тораптың үйлерге және 11 су бөлетін будкаларға қарай кететін тармақтары болған.
Гурьев қаласының су құбыры желісі қалалық коммуналдық шаруашылық, «Қазақстанмұнай» Бірлестігінің ККШ және №441 зауытының ККШ (ГМӨЗ) сияқты үш мекеменің қарамағында болған. Гурьев Водоканал мекемесі 1948 жылы құрылған.
Суөлшегіштердің көрсеткіштері бойынша 1949 жылы «Қазақстанмұнай» Бірлестгінің ККШ мекемесіне 1617000 м3 және қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесіне 258359 м3 су жіберілген.
Құрылған сәттен бастап Водоканал мекемесі бірнеше рет атауын өзгертті және бірнеше рет қайта құруды бастан кешірді.
«Атырау Су Арнасы» КМК 2006 жылы құрылды.